АСТАНА. 26 қыркүйек. BM.KZ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Алатау қаласына «даму қарқыны озық қала» деген арнаулы мәртебе берілді.
Мемлекет басшысының қаулысына сәйкес, жаңа мәртебе инвестиция тартуға, инновацияларды енгізуге және халықаралық деңгейдегі іскерлік орталық қалыптастыруға бағытталған. Бұл үшін «Alatau City Authority» атты мемлекеттік қор құрылады. Сонымен қатар, қаланы дамыту жөніндегі кеңес жасақталады.
2025 жылдың соңына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына қаланың арнаулы мәртебесін құқықтық тұрғыда бекітетін заң жобасы енгізіледі. Онда басқару жүйесі, салықтық жеңілдіктер, Smart City технологиялары мен криптовалюта арқылы төлем жасау тәртібі сияқты ерекше тетіктер қарастырылмақ.
Бұдан бұрын Президент «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында: «Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларынан бастап криптовалютамен төлеуге дейінгі барлық жаңалық енгізіледі» – деген болатын.
