Астана. 29 қыркүйек. BM.KZ – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев барша қазақстандықтарды Еңбек күні мерекесімен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Құрметті отандастар! Еңбек күні құтты болсын!
Бұл мерекенің еліміз үшін айрықша мәні бар. Себебі, еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологиямыздың арқауына айналған құндылықтар.
Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз.
Мемлекет басшысы Отан игілігі үшін аянбай еңбек етіп жүрген, ұлттық құндылықтар мен мақсаттарға берік сенім білдіретін, кәсіби шеберлігін шыңдап, жоғары өндірістік нәтижелерге қол жеткізуге ұмтылатын және әр істе іскерлік пен жаңашылдық танытатын азаматтарға шынайы ризашылығын білдірді.
Біз қоғамда адал еңбекті кеңінен дәріптеп, өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелей отырып, Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалаймыз. Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін.
Қазақстанның барлық азаматтарына зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тілеймін! — делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауында.
