Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Астанада бір топ адамның алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру фактісі бойынша сот үкімі шықты. Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Астана қаласы бойынша департаменті жүргізген.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2023 жылы күдікті әйел ұлының атынан берілген сенімхат негізінде әрекет етіп, “Банк ЦентрКредит” АҚ-нан жалпы сомасы 115 млн теңге болатын екі несие рәсімдеген. Қаржы “ДАМУ” қоры субсидиялайтын мемлекеттік жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында алынған.
Несие алу үшін банкке жалған құжаттар ұсынылған. Оның ішінде мүлікті кепілге қоюға қатысты жалған бағалау актілері болған. Оң қорытынды алу мақсатында күдіктілер нарықтық құны сәйкес келмейтін жылжымайтын мүлікті өз аттарына рәсімдеткен.
Сол жылы, желтоқсан айында, күдіктілер қатерлі ісікке шалдыққан әйелдің атына тағы 155 млн теңге көлемінде несие рәсімдеген. Бұл ретте олар әйелдің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, нан пісіру жабдықтарын сатып алу жөнінде жалған келісімшарттар мен құжаттар жасаған. Шын мәнінде, ешқандай жабдық жеткізілмеген.
Алынған қаражат жеке кәсіпкерлердің шотына аударылып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған. Әйел қайтыс болғаннан кейін де ұйымдастырушылар жалған құжаттарды кейінгі күнмен рәсімдеуді жалғастырған.
Сонымен қатар, тергеу барысында банк қызметкері несие рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге сыйақы алғаны анықталды. Банкке келтірілген жалпы шығын 155 млн теңгені құрады.
Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық жолмен алынған кірістерге сатып алынған демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі және елордадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
