Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Алматының Орталық стадионында бүгін футбол жанкүйерлерін ерекше тартысты кездесу күтіп тұр. Чемпиондар лигасы аясында жасыл алаңға алматылық «Қайрат» пен әлем футболының аңызына айналған «Реал Мадрид» шығады. Стадионға қазақстандық жанкүйерлермен қатар, шетелден келген қонақтар да жиналмақ.
Ойын барысында тәртіп пен қауіпсіздікті ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінің мыңнан астам әскери қызметшісі қамтамасыз етеді.
Олардың ішінде қатардағы жауынгерлер Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл да бар.
Ақтаудан шақырылған Ержан Жарков қазақ, орыс, ағылшын, испан және француз тілдерін еркін меңгерген. Ол күн сайын Алматы көшелерінде патрульде жүріп, тұрғындар мен туристерге көмек көрсетіп келеді.
Қонаев қаласының тумасы Руслан Тілеуқабыл да полиглот — қазақ, орыс, ағылшын, неміс және жапон тілдерінде еркін сөйлейді. Оның шетелдіктермен тез тіл табыса білу қабілеті ірі халықаралық іс-шараларда айрықша маңызды.
Қызмет барысында екеуі де өзін тәртіпті әрі жауапты ұландық ретінде танытқан. Көп тіл білуі олардың қызметін тиімді етіп қана қоймай, шетелдік азаматтардың сенімін арттырады.
— Футбол — әлем халқын біріктіретін құндылық. Біздің міндетіміз — жанкүйерлердің тек ойынға алаңдап, өздерін қауіпсіз әрі еркін сезінуіне жағдай жасау, — дейді қатардағы жауынгер Руслан Тілеуқабыл.
Ержан Жарков пен Руслан Тілеуқабыл сынды ұландықтардың арқасында Алматы көшелерінде тыныштық орнап, Қазақстанның қонақжай әрі қауіпсіз ел ретіндегі бейнесі айқындала түсуде.
