Астана. 30 қыркүйек. BM.KZ – Соңғы екі жыл ішінде Қазақстанда браконьерлерден 17 мыңнан астам киік мүйізі мен 500-ден астам киік еті тәркіленді. Бұл туралы Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің отырысында ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев мәлім етті.
— Қылмыстық заңнаманың қатаңдығына қарамастан, браконьерлік әрекеттер әлі де бар. Соңғы екі жылда қылмыскерлерден 17 мыңнан астам ақбөкен мүйізі мен 500-ден астам киік тәркіленді, — деді вице-министр.
Н. Шәрбиевтің айтуынша, Қазақстанда киік саны 2003 жылы 21 мың ғана болса, 2025 жылы олардың популяциясы 5 миллионға жеткен. Бүгінде жер шарындағы киіктің 99 пайызы Қазақстан аумағында жайылып жүр.
Айта кетейік, елімізде алдағы уақытта киік мүйізін заңды түрде экспорттауға рұқсат берілуі мүмкін.
