Астана. 1 қазан. BM.KZ – Орал қаласында 10 жасар оқушы қызға шабуыл жасалды. Суыт оқиға мектепке іргелес орналасқан сауда үйі мен жанармай құю бекетінің артындағы ағаштар арасында болған. Бұл туралы ақпарат әлеуметтік желіде тез тарады.
Қаскөй арам ойын іске асырып, оқиға орнынан қашып кеткен. Жәбірленуші қыз бала дереу ауруханаға жеткізілген. Облыстық денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше қазір жағдайы тұрақты.
Оқиғадан кейін аталған аумақтағы жарық шамдары шұғыл түрде ретке келтірілген.
Полиция мәліметінше, күдіктінің жасы шамамен 20–25 аралығында. Қазір оқиға орны мұқият тексеріліп, күдіктіні ұстау үшін жедел іздестіру шаралары жүргізілуде.
— Кәмелетке толмағанға қатысты жасалған құқыққа қайшы әрекет фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысқа қатысы бар адамды құрықтау үшін жедел-іздестіру шаралары кешенді түрде жүзеге асырылып жатыр. Балаларға қарсы жасалған қылмыс – қоғамдағы ең ауыр әрі сорақы әрекет. Бұл теріс әрекетті жасаған адам міндетті түрде ұсталып, заң алдында жауап береді, — деді Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Ұланбек Әбілхайыр.
