АСТАНА. 1 қазан. BM.KZ – Қазақстанда салынатын алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша байқауға 20 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.
Мәжілісте Қазақстанның атом энергетикасы агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев қазақстандықтардың қандай нұсқалар ұсынғанын айтып берді.
Оның айтуынша, атауларды үш топқа бөлуге болады.
Бірінші топ – топонимикаға байланысты. Мәселен, «Балқаш», «Ілі», «Үлкен», «Мойынқұм» сияқты атаулар ұсынылған.
Екінші топ – ұлы тұлғалардың есімдерімен байланысты. Атап айтқанда, Абайдың, академиктер Қаныш Сәтбаев пен Шафик Чокиннің аттарын беру ұсынылған.
Үшінші топ – энергетика саласына қатысты атаулар. Мысалы, «Жарық», «Қуат», «Бейбіт», «Атом».
– Біз талдау жұмыстарын жалғастырып жатырмыз. Құрамында этнографтар, тарихшылар, уран саласының өкілдері, блогерлер мен қоғамдық пікір көшбасшылары бар арнайы комиссия жұмыс істеп отыр, – деді Сәтқалиев.
Айта кетсек, Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясына атау беру байқауына қазақстандықтардан 20 мыңнан астам өтініш түскен.
