Астана. 3 қазан. BM.KZ – Павлодар облысында Қалатұз көлінде артемия шаянының жұмыртқаларын заңсыз өндіріп жүрген үш тұрғын қолға түсті.
Облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы мен «Зайсан–Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ-нің Павлодар облысы бойынша балық инспекциясы бірлесіп жүргізген рейд барысында браконьерлік әрекет әшкереленді. Заң бұзған азаматтар Аққулы ауданы аумағында орналасқан Қалатұз көлінде артемия салина шаянының жұмыртқаларын заңсыз жолмен өндірген.
— Тексеру нәтижесінде жалпы салмағы 7 065 кг болатын 157 қап мөлшерінде дайындалған артемия жұмыртқалары табылды. Алдын ала есеп бойынша келтірілген залал көлемі 83 338 740 теңге, — деп хабарлады «Зайсан-Ертіс» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабы 4-тармағына сәйкес материалдар полицияға жолданып, қылмыстық іс қозғалды.
