Астана. 3 қазан. BM.KZ – FIFA 2026 жылы өтетін футболдан әлем чемпионатының ресми добын көпшілікке таныстырды. Турнир алғаш рет үш елде – АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.
Жаңа доптың атауы – Trionda. Бұл испан тілінен аударғанда «үш толқын» дегенді білдіреді және үш елдің бірлігін меңзейді.
Дизайнда үш түстің үйлесімі қолданылған: қызыл – Мексиканы, жасыл – Канаданы, ал көк – АҚШ-ты бейнелейді. Доптың бетінде елдердің ұлттық белгілері де бар. Канаданы – жапырақ, Мексиканы – қыран, АҚШ-ты – жұлдыз қып бейнелеген.
Trionda тек әдемі көрінісімен ғана емес, технологиясымен де ерекшеленеді. Оның ішінде арнайы чип орнатылған. Ол 500 Гц жиілікте жұмыс істеп, доптың қозғалысын дәл тіркеп отырады. Бұл жүйе төрешілерге және VAR технологиясына нақты шешім қабылдауға көмектеседі.
