Астана. 3 қазан. BM.KZ – Цифрландыру дәуірінде мұғалімдер оқушылардың қызығушылығын арттыру үшін жаңа тәсілдерді қолданып жүр. Солардың бірі – әлеуметтік желілерде «Мистер Омирбек» атымен танымал ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Өмірбек Жанқуатов.
34 жастағы ұстаз TikTok-та жариялаған бейнероликтері арқылы танымал болды. Ол бейнематериалдарда ағылшын тілін музыкамен, әсіресе рэп ырғақтарымен байланыстыра отырып үйретеді. Сабақ барысында оқушылар жаңа сөздер мен сөз тіркестерін әндетіп жаттап, тілді жеңіл меңгереді.
Өмірбек Жанқуатов бұған дейін Алматы облысы Байсерке ауылындағы №28 мектеп-гимназиясында еңбек еткен. Қазір ол Іле ауданы Қосөзен ауылындағы мектепте сабақ береді.
Жаңашыл педагогтың еңбегі өңірлік деңгейде де жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік мұғалімі» байқауының облыстық кезеңінде жеңімпаз атанды. Жақын арада ұстаз өзінің жаңа авторлық бағдарламасын ұсынбақ.
Өмірбек Жанқуатовтың тәжірибесі ұстаздық қызметтің шығармашылықты, үздіксіз ізденісті және кәсібилікті талап ететінін дәлелдеп отыр. Оның әдісі білім берудің жаңа мүмкіндіктерін ашып, оқушыларды ағылшын тілін үйренуге ынталандырады.
