Астана. 6 қазан. BM.KZ – Петропавлдағы №2 бағыттағы қоғамдық автобустың ішінде мас жолаушы оқушы қызға қол көтерді.
Куәгерлердің айтуынша, екі мас ер адам қоғамдық көлік ішінде өздерін дөрекі ұстаған. Балағат сөздер айтып, өзге жолаушыларға кедергі келтірген. Шыға беріс жақта отырған екі сыныптас қыз олардың әрекетіне ескерту жасаған. Осыдан кейін ер адамдар автобустан түсе бастайды. Дәл сол кезде олардың бірі оқушы қыздың бетінен ұрып жіберген.
Автобус жүргізушісі дереу есікті жауып, мас адамдардың қашып кетуіне жол бермеді. Жолаушылар бірден жедел жәрдем мен полиция шақырған.
– Қол көтерді деген күдікке ілінген ер адам жедел түрде анықталып, ұсталып, полицияға жеткізілді. Бұл фактіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр, — деп хабарлады Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
