Астана. 9 қазан. BM.KZ – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мысырда өткен жанама келіссөздер барысында қол жеткізілген Газа секторындағы қақтығысты тоқтату және тұтқынға алынған адамдарды босату туралы келісімді қолдайды.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Мемлекет басшысы Мысыр, Қатар, Түркия елдерінің араағайындық қызметі табысты болғанын, сондай-ақ Таяу Шығыста бейбітшілік орнату жөніндегі келіссөздерге Президент Дональд Трамп бастаған АҚШ тарапының ерекше үлес қосқанын атап өтті, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен Палестинаның радикалды ХАМАС қозғалысы өкілдері бейбіт жоспардың бірінші кезеңі бойынша келісімдерге қол қойғанын хабарлаған болатын.
