Астана. 9 қазан. BM.KZ – Алматыда АҚШ-та ұсталған «Вагнер» жалдамалысы, қазақстандық Тимур Пірәлиевке үкім оқылды. Бұл туралы Азаттық радиосы хабарлады.
Ол “Шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу” (172-бап) бабы бойынша айыпталып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қалалық соты әзірге үкімге түсініктеме бермеді. Биыл жыл басында қазақстандық Тимур Пірәлиев Мексика жағынан Рио Гранд өзені арқылы Техасқа қарай заңсыз өтпек болғанда ұсталғанын. Оның қолында қазақстандық және ресейлік төлқұжат болған.
Пірәлиев АҚШ-та қамалған. Жауап алу кезінде ол «Вагнер» ЖӘК құрамында соғысқанын мойындаған. Ресейде ол «Защитники Отечества» қорынан ардагер куәлігін алған.
Пірәлиев Ресей азаматтығын 2023 жылы алған. Санкт-Петербургте жүрген кезінде “Вагнердің” соғысқа адамдар алып жатқаны туралы хабарламасын көрген. «Вагнер» айына «қомақты ақша төлеуге» уәде берген. Тиісті процедуралардан өтіп ол Украинаның шығысындағы Луганскіге барған. Ол жақта байланысшы болып жұмыс істеген.
2024 жылы ол әскери қимылдарға қатысқаны үшін медаль алып, демалысқа шыққан. Тапқан ақшасына «емделу үшін Беларусь, Африка мен Америкаға барған». Америкада ұсталып, 2025 жылы мамырда көші-қон офицерлерімен бірге Алматыға жеткізілген.
