Астана. 9 қазан. BM.KZ – Маңғыстау облысында мерзімді әскери борышын өтеп жүрген сарбаз қаза болды. Бұл жөнінде ҰҚК шекара қызметінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараған мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға «Үстірт» шекара бекетінде болған. Бөлімше басшысы сарбазға қоймадан бензин алып келуді тапсырған. Алайда бұл тапсырманы орындау кезінде сарбаз жанармай буымен уланып, есінен танып қалған. Алғашқы көмек көрсетілгенімен, жағдайы тым ауыр болып, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
“7 қазанда Маңғыстау облысы бойынша шекара қызметі департаментінде жазатайым оқиға болып, мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметші қаза болды. Алдын ала мәлімет бойынша, қасіреттің себебі техникалық жұмыстар кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамауы” деп жазылған шекара қызметінің хабарламасында.
Сарбаздың қазасына қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қосымша қызметтік тексеріс жүріп жатыр.
Айта кетейік, бұл Маңғыстау облысы бойынша бір жарым айда тіркелген төртінші сарбаз өлім.
