Астана. 9 қазан. BM.KZ – Биылғы Нобель сыйлығы әдебиет саласында венгр жазушысы Ласло Краснахоркаиға берілді. Бұл туралы BBC орыс қызметі хабарлады.
– Сыйлық жазушының апокалипсистік үрей жағдайында да өнердің құдіретін қайта дәлелдейтін, терең пайым мен көрегендікке толы шығармашылығы үшін берілді, – делінген Нобель комитетінің баспасөз хабарламасында.
Ласло Краснахоркаи – Орталық Еуропа әдебиетінің дәстүрін жалғастырған эпикалық туындылардың авторы. Оның шығармаларынан Кафка мен Томас Бернхардтың ізін көруге болады: абсурд пен гротескке толы. Нобель комитеті атап өткендей, жазушының шығармашылығында шығыстық философияға тән сабырлы, ойлы үн де бар.
Жазушы 1954 жылы Венгрияның оңтүстік-шығысындағы Дьюла қаласында, Румыния шекарасына жақын жерде дүниеге келген. Осы шалғай өңір мен ауылдық орта оның алғашқы романына – «Сатантанго» (1985) шығармасына арқау болды.. Бұл туынды Венгрияда әдеби сенсацияға айналып, авторға кең танымалдық әкелді. Кейін роман режиссер Бела Таррдың түсірген жеті сағаттық фильмінің негізіне айналды.
Краснахоркаи мен Тарр ұзақ жылдар бойы шығармашылық серіктестер болып келеді.
2015 жылы Ласло Краснахоркаи Халықаралық Букер сыйлығының иегері атанды. Сол кезде қазылар алқасы оның шығармаларының тілдік байлығы мен ерекше қарқындылығын атап өткен болатын.
Жазушының ең танымал туындылары қатарында:
•«Қарсылық меланхолиясы» (1989),
•«Соғыс және соғыс» (1999),
•«Си-ван-му осында, арамызда» (2008) романдары бар.
