Астана. 14 қазан. BM.KZ – ҚР Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин Үкімет отырысында 2025 жылғы қаңтар-қыркүйектегі әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын баяндады.
Министрдің айтуынша, биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасының өсімі 6,3% болды. Қаңтар-тамыз айларымен салыстырғанда шамалы баяулау байқалғанымен, нақты сектор мен қызмет көрсету саласы тұрақты өсім көрсетіп отыр.
«Сауда 8,8%-ға, өңдеу өнеркәсібі 6,2%-ға, ауыл шаруашылығы 4,4%-ға өсті», — деді Азамат Амрин.
Нақты сектордың өсімі – 8,1%, ал қызмет көрсету саласы – 5,3%. Ең жоғары өсім көлік қызметтері, құрылыс және тау-кен өнеркәсібінде тіркелген.
Негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5%-ға өсіп, 13,8 трлн теңгеге жетті. Соның ішінде жеке инвестициялар 7,8%-ға артқан. Аймақтар бойынша ең жоғары өсім Ақмола, Жамбыл, Ақтөбе, Павлодар облыстарында және Астана қаласында байқалған.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 6,2%-ға өсті, бұл өсім негізінен көлік жасау (14%), автомобиль шығару (16,8%), тамақ өнімдері (9,8%), химия (9,6%) және металл бұйымдары (15,2%) есебінен қамтамасыз етілген.
Алайда, металлургия саласындағы баяулау жалпы қарқынға әсер еткен.
Тау-кен өнеркәсібі 9,3%-ға ұлғайды. Мұнай өндіру – 13,2%, табиғи газ – 15,2%, көмір – 10,4% өскен.
Құрылыс саласында өсім 14,9%, дегенмен қарқын аздап баяулаған. Елімізде 12,9 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3,4%-ға артық. Ең жоғары көрсеткіштер Ұлытау, Алматы, Жетісу және Түркістан облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында тіркелген.
Саладағы жалпы өнім көлемі 4,4%-ға артты. Өсім дәнді дақылдарды жинаудың жоғары қарқынымен байланысты. Айтарлықтай нәтиже Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарында байқалды.
Министр қаңтар-тамыз аралығында сыртқы сауда айналымы 90,1 млрд долларды, оның ішінде экспорт – 50,2 млрд доллар, импорт – 40,1 млрд долларды құрағанын айтты. Бұған қарамастан, оң сауда балансы 10 млрд доллардан асқан.
