Ұлттық спорт – қазақ халқының руханияты мен болмысының айнасы. Сол бай мұраны дәріптеп, ат үстіндегі өнерді заманауи жастардың арасында кеңінен насихаттап жүрген жас спортшылардың бірі – Азат Түлкібай. Шымкент қаласының тумасы, бүгінде елімізді ғана емес, халықаралық аренаны да бағындырып жүрген шабандоз.

«Ауылдан шыққан чемпион: Азат Түлкібай және теңге ілудің жолы»
Мемлекет тарапынан ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Соңғы жылдары облыстық, республикалық деңгейде ұлттық спорт шаралары, жарыстар мен турнирлер тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Бұл өз кезегінде теңге ілу мен аударыспақ, бәйге, көкпар сынды ойындардың танымалдығын арттырып, жастардың қызығушылығын оятты.
«Бұл мен және өзге жастар үшін үлкен мәртебе», – дейді Азат Түлкібай.
Ауылдың топырағында ойнап өскен спортшы шабандоз ағаларына қарап та бой түзейді.
«Бұл спорт түрімен 2020 жылдан бастап, нақтырақ айтқанда, 5 жылдан бері теңге ілумен айналысып келемін. Бала кезімнен ағаларымның ат үстінде шауып жүргенін көріп, қатты қызықтым. Уақыт өте келе бұл өнерге деген махаббатым арта түсті. Қазір бұл спорт менің жанымның бір бөлшегіне айналды», – дейді Азат.
«Азат пен Қоянқасқа: чемпиондыққа бастар жол»
Жас спортшының жетістіктері де аз емес. Мәселен, Астана қаласында өткен чемпионатта 3-орын алса, ересектер арасында 2 дүркін Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ, Азия кубогының жүлдегері атанып, спартакиада ойындарының күміс медалін қанжығасына байлаған. Бұдан бөлек, Шымкент қаласында өткен «Бес белес» стилі бойынша Түлкібай Азат тұңғыш Әлем чемпионы атанды. Алайда бұл жетістіктердің артында менің серігім, тұлпарым тұр, – дейді шабандоз. «Егер астыңыздағы атыңыз қандай да бір қателік жіберсе, жеңістен айырылып қалуыңыз мүмкін», – дейді ол.
«Ат – серігің ғана емес, жарыстағы ең жақын серіктесің, досың. Сен қаншалықты дайын болсаң да, егер атың дайын болмаса немесе бір сәтке алаңдап қалса, не айтқаныңды түсінбей жатса, жеңіс қолдан сусып кетеді. Жеңіске жеткен кезде маған серік болған Баққара деген ат еді. Қазіргі таңда Қоянқасқа деген атпен шығып жүрмін. Бұл атты маған арнайы сатып алып берген. Осы атпен алғаш рет Әлем чемпионы болдым», – дейді Азат.
Ат – тірі жан иесі, техника емес
Аттың бабында болуы – күнделікті еңбек пен күтімнің жемісі. Дұрыс тамақтандыру, үздіксіз жаттығу, демалыс режимі, тіпті шабандоздың дауыс ырғағына үйретудің өзі оңай дүние емес, – дейді спортшы. Біртіндеп ат пен адам арасындағы сенімді қалыптастыру қажет. «Жарысқа дайындық кезінде біз тұлпармен ерекше жұмыс істейміз. Оның мінезін түсінуге, қандай жағдай болмасын, қалай әрекет ететінін білуге тырысамыз», – деді Азат.
«Бұл спорттың күрделілігі де осында. Сіздің серігіңіз робот немесе бағдарлама емес. Ол тірі жан. Көңіл-күйі, денсаулығы, физикалық дайындығы, сізбен қарым-қатынасы – бәрі-бәрі әсер етеді. Сондықтан шабандоз тек өзін ғана емес, астындағы тұлпарын да толық дайындауы керек», – дейді шабандоз.

Жеңіске жетудің сыры – тәртіп пен тынымсыз дайындықта
Ұлттық спорт түрлерінде, әсіресе ат үстіндегі ойындарда тек табиғи дарын немесе атқа міне білу жеткіліксіз. Бұл – күнделікті тәртіп пен тұрақты еңбекті талап ететін күрделі өнер.
Азаттың айтуынша, бұл спорт ептілік пен шапшаңдықты, қажырлы еңбекті талап етеді. «Жеңіске жету үшін ең алдымен дұрыс ұйқы, дұрыс тамақтану, сонымен қатар арнайы уақыт бөлу маңызды», – дейді ол.
«Жарыстарға дайындық үнемі жүреді. Ал жарыс жақындаған сайын жаттығу уақыты 2–3 есеге көбейеді. Атпен байланыс орнату – өте маңызды. Жеңіске жетудің үлкен бөлігі де сол жерден басталады», – дейді ол.
«Ұлттық спорт – өмірлік мектеп»
Жас болса да, үлкен биіктерді бағындырып үлгерген Азат Түлкібай бұл спорттың адамға берері мол екенін атап өтті.
«Ұлттық спорт мені сабырлы болуға, табандылықпен еңбек етуге үйретті. Бұл тек физикалық шеберлік емес, бұл – тәрбие, бұл – өмірлік мектеп. Мен бұл спортты өте жоғары бағалаймын», – дейді шабандоз.
Жастардың ұлттық спортқа қызығушылығы артып келеді
Соңғы жылдары жастардың ұлттық спорт түрлеріне, соның ішінде теңге ілуге деген қызығушылығы айтарлықтай артып келеді. Бұл үрдіс ел ішінде ат спортына деген сүйіспеншіліктің, салт-дәстүрге деген құрметтің нығайып келе жатқанын көрсетеді, – дейді Азат Түлкібай.
«Ұлттық спорттың дамуы ел рухын көтеріп қана қоймай, жас буынды тәртіпке, төзімділікке және отансүйгіштікке баулудың маңызды құралы саналады. Сондықтан барлық жастарға айтарым – келіңдер, көріңдер, қатысыңдар. Теңге ілу – өте қызықты, ерекше рух беретін спорт түрі», – дейді спортшы.
Шабандоздың айтуынша, ұлттық спорт – жас ұрпақты тәрбиелеудің, жігерлендірудің және қазақ рухын нығайтудың бірегей жолы.
Нұргүл Ерғалиқызы
BM.KZ
