Астана. 23 қазан. BM.KZ — Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты.
Оқиға бүгін Самара — Шымкент тасжолында болды. Полиция таратқан ақпаратқа сүйенсек, жүк көлігі қарсы бағытқа шығып кеткен.
— Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші мен ГАЗель автокөлігінің 10 жолаушысы көз жұмды. Тағы бес адам ауруханаға жеткізілді. Оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. ГАЗель аудан мен облыс орталығы арасында жолаушылар тасымалдаған, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД ресми парақшасы.
Ақтөбедегі жол-көлік апаты кезінде аман қалған адамдар қазір ем алып жатыр. Бір жолаушы ғана ауруханаға жатпады.
— Медициналық мекемеге жеткізілген бес адамның үшеуінің жағдайы ауыр, екеуінде орташа. Бір адам ауруханаға жатудан бас тартқан. Жарақат алғандар Хромтау аудандық ауруханасына жеткізілді. Облыс әкімі Асхат Шахаров жол-көлік оқиғасы болған орынға шықты, — деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
