Астана. 23 қазан. BM.KZ – Батыс Қазақстан облысында ұшқышсыз ұшатын аппараттың құлағаны жөнінде әлеуметтік желіде бейнежазба тарады.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, оқиға Бөрлі ауданы орталығы Ақсай қаласына қарасты Қызылтал ауылының маңында болды. Дрон түсіп, жарылыс болған. Жарылыс толқыны үйлерді шайқаған.
Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдағанын мәлімдеді.
— Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді. Оның қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақта табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ, — делінген Қорғаныс министрлігі хабарламасында.
Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр.
— Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әуе кеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Сондай-ақ бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізіліп жатыр, — делінген министрлік хабарламасында.
