Астана. 29 қазан. BM.KZ — Қазақстан ТЖМ ұшағы Ақтөбеден науқасты Астанаға жеткізді. Бұл туралы ТЖМ баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан ТЖМ «Қазавиақұтқару» ұшағы Ақтөбе-Астана бағыты бойынша санитарлық рейс жасады. Самара-Шымкент жолында болған жол апатында жарақат алған 50 жастағы ер адам елордаға жеткізілді.
Науқастың жағдайы ауыр болғандықтан, оны шұғыл түрде Астанаға тасымалдау қажет болды.
Ұшақ медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, бортта дәрігерлер үздіксіз бақылау жүргізді.
ТЖМ экипажы мен медициналық бригада науқастың қауіпсіз және жылдам жеткізілуін қамтамасыз етті. Ер адам елордалық мамандардың бақылауымен емін жалғастырады.
Еске салсақ, Ақтөбеде екі көлік соқтығысып, 12 адам қаза тапты. Оқиға Әйтеке би ауданы Белқопа ауылы маңында болды. Жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын ГАЗель соқтығысты. Аман қалған жолаушылардың үшеуі ауыр жағдайда екені айтылды. Жол-көлік оқиғасынан соң Самара-Шымкент тасжолының бір бөлігі жабылды. ІІМ Ақтөбе облысындағы жол-көлік оқиғасын тергеу үшін арнайы топ жіберді. Ақтөбеде жол-көлік апатына кімнің кінәлі екені нақтыланды. Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасымен Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Белқопа ауылының шетінде болған жол-көлік оқиғасының себептерін тергеу жөнінде үкіметтік комиссия құрылғаны анықталды.
