Астана. 30 қазан. BM.KZ — Іле-Алатауы мемлекеттік табиғи паркінің аумағында орнатылған фототұзаққа бір соқпақ бойында бір мезетте үш жыртқыш аң – ілбіс (Uncia uncia), Түркістан сілеусіні (Lynx lynx isabellinus) және Тяньшань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus) түсіп қалды.
Барлық жануарлар Қазақстанның Қызыл кітабына енген.
Биылғы фототұзақ материалдары ілбістің әдеттегіден ертерек төменге түскенін көрсетті. Жыртқыш шамамен 2000 метр биіктіктегі орман белдеуінде байқалған. Кадрлардан оның өз аймағын белгілеп жүрген сәттері айқын көрінеді.
Сол аумақта Түркістан сілеусіні де тіркелген. Қазіргі таңда ұлттық парк аумағында бұл түрдің шамамен 178-і есепке алынған.
Фототұзақ бейнелерінде сілеусіннің негізгі қорегі саналатын құм қоян (Lepus tolai) да көрінген. Бұл экожүйеде табиғи тепе-теңдік сақталып отырғанын дәлелдейді.
Жаз айларында осы бақылау нүктесінде Тяньшань қоңыр аюының да фототұзаққа түсуі тіркелген.
Мамандардың айтуынша, мұндай деректер Іле-Алатауы табиғи кешенінің жыртқыш аңдарға қолайлы мекен екенін және экожүйенің тұрақтылығын айғақтайды.
Ұлттық парк қызметкерлері сирек кездесетін аңдарды жүйелі түрде бақылап, олардың мекен ету ортасын қорғау және популяциясын сақтау бағытында тұрақты жұмыстар жүргізуде.
Фототұзақ кадрлары – Іле-Алатауы табиғатының бай биоалуантүрлілігін дәлелдейтін құнды материал саналады.
