Астана. 30 қазан. BM.KZ — Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаров кісі қолынан мерт болды.
Қайғылы оқиға 30 қазан күні түнде орын алған. Сол түні Ержан Бабақұмаров таныстарының ортасында болған. Таныстар арасында кикілжің туып, арты төбелеске ұласқан. Сол кезде жарақат алған экс шенеунік мерт болған.
Қайғылы оқиғаны Астана қалалық полициясы растап, кісі өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
— Бұрыннан таныстар арасында келіспеушілік орын алып, төбелеске ұласқан. Соның салдарынан жарақат алған 56 жастағы ер адам қаза болды. Күдікті ұсталып, уақытша оқшаулағышқа қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, — деді департаметтен.
Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Ержан Бабақұмаров 1990-жылдары еңбек жолын Алматы әкімі аппаратының құрамында бастаған. Кейін Президент әкімшілігіне ауысып, ішкі саясат бағытын қадағалады және Назарбаев тұсында Ақпарат орталығын басқарды. 2006 жылы мәдениет вице-министрі болып тағайындалып, кейін премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кеңсесінде жұмыс істеді.
2019 жылы ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі атанды. Сол жылы Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін Бақытжан Сағынтаевпен бірге қызметінен кеткен. Соңғы лауазымы — президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры.
Қаңтар оқиғаларынан кейін ол көпшілік назарынан кеткен. Соңғы рет биыл көктемде сұхбат беріп, саясат тақырыбында сараптамалық пікір білдірген. Биыл ақпанда Бабақұмаров мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталып, сот шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылған.
