Астана. 1 қараша. BM.KZ — Энергетика министрлігі жанармай бағасы мен жеткізілуіне қатысты азаматтардың шағымдарын тіркей бастады.
Министрліктің хабарлауынша, кей өңірлерде бензин мен дизель отынына қойылған бағалық мораторийдің бұзылуы, сондай-ақ, автогаздың қолжетімділігі бойынша өтініштер түсіп жатыр. Сондықтан Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен және өңірлік штабтармен бірлесіп, алыпсатарлық пен жасанды тапшылық жасауға бағытталған кез келген әрекеттерге қатаң тосқауыл қоюға көшкен.
Сондай-ақ, бензин мен дизель отыны бойынша ведомство барлық қажетті көлемнің өңірлерге жоспарға сәйкес жөнелтілгенін және мұнай базаларында жеткілікті қор бар екенін атап өтті. Сол себепті тапшылыққа негіз болатын объективті себептер жоқ.
«Ал сұйытылған мұнай газы бойынша, өндіруші зауыттардың біріндегі жоспарлы жөндеу жұмыстары министрлік тарапынан алдын ала ескеріліп, сұранысы жоғары өңірлерге қосымша көлем бөлінген. Сондықтан кейбір газ құю бекеттеріндегі кезектер жүйелі тапшылықтың емес, ішкі бөлу мен логистикадағы уақытша қиындықтардың салдары болып отыр», – деп жазылған министрлік хабарламасында.
Энергетика министрлігі азаматтарды егер АИ-92 маркалы бензин бағасының негізсіз қымбаттауын немесе отынның болмауын байқаса, тәулік бойы жұмыс істейтін жедел желі нөміріне хабарласуға шақырады: +7 701 855 0248. Әрбір өтініш мұқият қаралып, расталған жағдайда адал емес нарық қатысушыларына қатысты шаралар қабылданады.
