Астана. 4 қараша. BM.KZ — Қаржы мониторингі агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті «Үміт Самғау» қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр.
Тергеу мәліметінше, аталған компания өз қызметін жалғызбасты аналарға, көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсететін қайырымдылық жобасы ретінде көрсеткен.
Азаматтарға салған қаражатының 300 пайыздан 800 пайызға дейін табыс әкелетіні жөнінде уәде беріліп, әртүрлі «салым түрлері» ұсынылған. Жоба шарттары бойынша салым көлемі неғұрлым жоғары болса, табыс та соғұрлым көп болатыны айтылған.
— Қатысушыларға төлемдер нақты кәсіпкерлік қызмет есебінен емес, жаңа салымшылардың қаражаты есебінен жүргізілген.
Қылмыстық схемаға ұйымдастырушының туыстары мен таныстары «дропперлер» ретінде тартылып, олардың атына тіркелген банктік карталар мен шоттарға салымшылардың ақшасы қабылданған.
Нәтижесінде қаржы пирамидасына 400-ден астам азамат тартылып, жиналған қаражаттың жалпы көлемі 100 миллион теңгеден асқан, — деп жазды ҚМА-дан.
Сот санкциясымен күдіктінің пәтері мен автокөлігіне тыйым салынды.
Тергеу амалдары жалғасуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
