Астана. 7 қараша. BM.KZ — Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің жартылай финалына шыққан теннисшілер белгілі болды.
Штеффи Граф тобында әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко соңғы кездесуінде америкалық, рейтингіде 3-орындағы Кори Гауфты 7:6 (7:5), 6:2 есебімен ұтты.
Осылайша, қатарынан үш жеңіске қол жеткізген А.Соболенко Серена Уильямс тобында екінші орын алған тағы бір америкалық, әлемнің 4-ракеткасы Аманда Анисимовамен кездесетін болды.
Бұған дейін әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина С.Уильямс тобында үш ойынында да жеңіске жетіп, қазақстандық теннисшілер арасында алғаш рет жартылай финалға жолдама алған еді. Ол енді әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен финал жолдамасын сарапқа салады. Д.Пегула соңғы матчында рейтингіде 8-сатыдағы италиялық Жасмин Паолиниді қапы қалдырды – 6:2, 6:3.
WTA қорытынды турнирінің өткен жылғы жеңімпазы К.Гауфф биыл өз тобында А.Соболенко мен Д.Пегулаға есе жіберіп, топтық бәсекеден аса алмай қалды.
