Астана. 8 қараша. BM.KZ — Димаш Құдайберген Мысырда өтетін концертке қатысатынын жариялап, тыңдарманына үндеу жасады. Әнші бұл туралы 7 қараша күні өзінің Instagram парақшасында бейнежазба жариялау арқылы хабарлады.
Онда Қазақстанның халық әртісі алдағы кешті асыға күтетінін жеткізген.
«Қуана хабарлаймын: 30 қараша күні мен The Pyramids Echo фестивалінде өнер көрсетемін. Бұл – музыка мен махаббатқа толы екі сағаттық концерт болады. Барлығыңызды көргенше асыға күтемін! Сіздерді жақсы көремін, қымбаттыларым!» – деді Димаш Құдайберген.
Фестиваль 2025 жылғы 24-30 қараша аралығында Гиза пирамидалары кешенінің маңында өтеді. Биылғы шараның тақырыбы – «Өркениеттердің бесігі… Өнер мен мәдениеттер тоғысқан кеңістік». Бағдарлама аясында классикалық оркестрлер, жеке орындаушылар мен түрлі жанрдағы әртістердің концерттері ұсынылады. Негізгі назар – Шығыс пен Батыс мәдениеттерін тоғыстыруға аударылған.
