Астана. 8 қараша. BM.KZ — Бүгін таңертең Павлодар қаласындағы жекеменшік мектептің құрылыс алаңында еден плитасы құлаған жердегі іздестіру жұмыстары аяқталды.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, құтқарушылар кинологиялық есептер мен тепловизорды қолдану арқылы плитаның құлау салдарынан жоғалған ер адамның орнын анықтады.
Өкінішке қарай, ер адамды аман алып қалу мүмкін болмады. Құтқарушылар оның денесін үйінді астынан тауып, алып шыққан.
«Мемлекеттік органдар тарапынан марқұмның отбасына жан-жақты қолдау мен қажетті көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Павлодар қаласының әкімдігі марқұмның отбасына құрылыс нысанында жұмыс жүргізген мердігер ұйым мен тапсырыс беруші – жеке кәсіпкер тарапынан көмек көрсетілуін бақылауға алады», – деп жазылған әкімдік мәлімдемесінде.
