Астана. 10 қараша. BM.KZ – Алматыдағы «Перзент» балалар үйінде шыққан өрт кезінде мекемеде болған 35 тәрбиеленуші мен қызметкерлер уақытша сауықтыру санаторийіне орналастырылды. Бұл туралы Алматы әкімдігі хабарлады.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті берген ақпаратқа сәйкес, аталған балалар үйі — жеке қайырымдылық ұйымы. Қазіргі уақытта онда 35 бала тәрбиеленуде. Бүгінде барлық тәрбиеленушілердің жағдайы жақсы, балалар қауіпсіз жерге орналасқан.
— Жағдайды үйлестіру мақсатында жедел штаб құрылды. Оның құрамына қала әкімдігінің өкілдері, кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы, қоғамдық кеңес пен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қорғаншылық органдары, Отбасыны қолдау орталығы және Психологиялық қолдау орталықтарының мамандары енді, — делінген комитет хабарламасында.
Дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізіп, психологиялық көмек көрсетті. Балаларға қашықтан оқу ұйымдастырылды.
– Жағдай толық бақылауда, — деп хабарлады Алматы әкімдігі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балаларға қатысты барлық мәселелер толық шешілгенге дейін жағдайды жіті бақылауда ұстайды.
