Астана. 12 қараша. BM.KZ – Оқиға 3 қараша күні Түркістан қаласының шетіндегі зираттардың бірінде болған.
Түркістан облысы полиция департаментінің хабарлауынша, қазіргі таңда оқушының өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
— Оқиға орнына барған жедел-тергеу тобы барлық қажетті шараларды жүргізді. Алдын ала мәлімет бойынша, 9-сынып оқушысын сыныптасы кеуде тұсынан ұрған. Соққы алған оқушы сол жерде қайтыс болған. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полицейлер күдіктіні, сондай-ақ оқиғаға қатысқандардың бәрінің ізін суытпай ұстады, — делінген облыстық полиция департаментінің ресми мәлімдемесінде.
Сондай-ақ жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндетін орындамағаны үшін жауапқа тартылды.
Әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандар істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға тиісті ұсыныс енгізілді.
