Астана. 13 қараша. BM.KZ – Астанада 101 және 112 қызметтері біріктіріліп, бірыңғай жедел ден қою жүйесі іске қосылды, деп хабарлайды ТЖМ.
Ведомствоның мәліметінше, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті 112 қызметінің Жоспарлау және жедел басқару орталығында ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілген.
Нәтижесінде жабдықтар жаңартылып, заманауи цифрлық байланыс құралдары енгізілген, қалалық «Сергек» бейнебақылау жүйесімен біріктірілген бейнеқабырғалары бар бірыңғай операторлық зал құрылған.
Тәулік бойы кезекшілік пен қызметкерлердің демалысына арналған үй-жайлар жаңартылған. Бұл қоңырауларды өңдеу жылдамдығын арттыруға және жедел қызметтердің үйлесімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
ТЖМ дерегінше, жыл сайын 112 диспетчерлері елорда тұрғындарынан шамамен 750 мың қоңырау қабылдайды.
«Біз бірыңғай әрі заманауи ден қою жүйесін қалыптастырып жатырмыз. Бірінші Астана қаласында, кейін бұл модель еліміздің барлық өңірінде енгізілетін болады. Біздің міндетіміз адамның қай жерде екеніне қарамастан, әрбір қоңырауға жедел әрі кәсіби жауап беру», — дейді ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов.
101 және 112 қызметтерін кезең кезеңімен біріктіру 2026 жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта нормативтік құжаттарды әзірлеу және әмбебап диспетчерлерді даярлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
