Астана. 13 қараша. BM.KZ — Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде лифт құлау оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, оқиға кезінде лифт ішінде қызмет көрсетуші ұйымның жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан қызметкерлері болған.
— Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы екі жұмысшы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді, – делінген хабарламада.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ауруханаға түскен жұмысшылардың бірінің жағдайы орташа ауыр, ал екіншісінікі ауыр деп бағаланып отырғанын мәлім етті.
— Науқастардың бірінің жағдайы орташа ауыр, ал екіншісінікі ауыр деп бағаланып отыр. Бір науқас анестезиология, реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінде, ал екіншісі политравма бөлімінде жатыр. Оларға қажетті барлық медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша еңбекті қорғау қағидаларын бұзу, абайсызда адам өліміне әкеп соқтыру бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
