Астана. 14 қараша. BM.KZ — Жолаушы апатты шығу есігін өзі ашқан: Air Astana шығынды өтеу талабымен сотқа жүгінді. Қызылорда қалалық сотына «Air Astana» АҚ жауапкерден 23 млн теңгеге жуық шығынды өтеу талабымен жүгінді. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Белгілі болғандай, «Air Astana» ұшағы Астана-Алматы бағыты бойынша рейсін орындап, трапқа дейін күтіп тұрған кезде жауапкер апатты шығу есігін өз бетінше ашқан.
— Апатты шығу есіктері тек төтенше жағдайларда және экипаждың бұйрығы бойынша ғана пайдаланылады. Апатты шығу есігін ашу және эвакуациялық үрлемелі трапты іске қосу нәтижесінде талап қоюшыға материалдық шығын келіп, трапты ауыстыру қажеттілігі туындаған. Ауыстыру құны 22 995 936 теңге. Сот тараптарға дауды татуластыру рәсімдері арқылы реттеу жөніндегі құқықтарын түсіндіріп, келісім жасауға мерзім берген. Берілген мерзімде тараптар өзара келісімге келгенін көрсетіп, медиациялық келісімді бекітуді сұраған. Келісімшартқа сәйкес жауапкер талап қоюшыға 6 698 426 теңге өтемақыны 2025 жылдың 20 қарашасына дейін төлеуге міндеттелген. Талап қоюшы өз кезегінде 22 995 936 теңгені өндіру талабынан бас тартқан, — делінген хабарламада.
Сот ұйғарымымен тараптар арасындағы медиациялық келісім бекітіліп, іс жүргізу тоқтатылды.
