Астана. 17 қараша. BM.KZ – Италиялық, әлемнің 2-ракеткасы Янник Синнер бірде-бір сетте ұтылмай, қатарынан жылдың екі қорытынды турнирін ұтқан бірінші теннисші атанды.
Италиялық теннисші Туринде аяқталған ATP қорытынды турнирінің финалында әлемнің 1-ракеткасы, испаниялық Карлос Алькарасты жеңді — 7:6 (7:4), 7:5.
Синнер 2024 жылы да ATP қорытынды жарысында үздік шыққан еді. Онда финалда америкалық Тейлор Фрицтен басым түскен.
Осылайша, италиялық теннисші спорттық жолында 24-інші, биылғы маусымда алтыншы титулына қол жеткізді. Бұған дейін ол Парижде, Бейжіңде, Венада, сондай-ақ Уимблдон Аустралия ашық чемпионатында үздік атанды.
Сонымен қатар Синнер үздік ондыққа кіретін теннисшілерді 59 рет ұтты. Ол соңғы 78 матчтың 71-інде қарсыластарын қапы қалдырды.
Туриндегі айтулы додада бірде-бір ойында жеңілмеген Я.Синнер 5 млн 71 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тапты. Оның осы маусымдағы табысы 19,12 млн долларға жетті.
Биыл Эр-Риядта өткен WTA қорытынды турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина барлық бес кездесуінде қарсыластарын ұтып, 5 млн 235 мың доллар табыс тапқан еді. Сөйтіп ол әйелдер теннисі тарихында рекордтық нәтижені тіркеді.
