Астана. 19 қараша. BM.KZ — Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйде шыққан өрттің қылмыстық құрамы жоқ. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.
— Кеше сағат 05.36-да Түркістан облысы Жетісай ауданының Алғабас ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты. Екі қабатты үй толығымен өртке оранды, шатыр ішінара құлады. Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері мен құралдары дереу жіберілді, өрт сағат 07.22-де сөндірілді. Өкінішке орай, өрт орнында 12 адам қаза тапты, олардың 9-ы — балалар. 3 адам зардап шекті, олар қазір Жетісай аудандық орталық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр, — деді ол.
Үкімет басшысы орынбасарының айтуынша, оқиға орнында тергеу шаралары жүргізіліп, өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Алдын ала қылмыстық құрам жоқ. «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
— Сіздің тапсырмаңыз бойынша кеше мен Үкіметтік комиссияның отырысын өткіздім, жерлеу рәсімін ұйымдастыру және қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсету, өрттің туындау себептерін анықтау, сондай-ақ осындай жағдайлардың алдын алу шараларын жүргізу бойынша бірқатар тапсырма бердім, — деді Қанат Бозымбаев Үкімет басшысына.
