Астана. 22 қараша. BM.KZ – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Түркияға ресми сапары барысында Анкарадағы Түркия Құрлық әскерлері әскери институтына барды. Оқу орнында ол әскери борышын атқару барысында қаза тапқан қазақстандық бітімгерге арналған мемориалдық тақтаны ашып, сонда білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен кездесті.
Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің офицері, Ирактағы бітімгерлік миссияны орындау кезінде қаза тапқан капитан Қайрат Құдабаевқа арналған ескерткіш тақтаның ашылуына офицердің жұбайы мен екі қызы қатысты. Жиналғандар бітімгердің рухына бір минут үнсіздікпен құрмет көрсетті.
«Ескерткіш тақтаның дәл осы әскери оқу орнында ашылуы бекер емес. Қайрат Құдабаев осы институттың түлегі. Қазақстандық офицер жарылыс кезінде өз денесімен жарылған оқ-дәрілерді жауып, жолдастарын аман алып қалды. Ерлігі үшін ол I дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды», – деді Қорғаныс министрі.
Авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Құрлық әскерлері әскери институтында білім алып жатқан қазақстандық курсанттармен кездесті. Олардың оқу және тұрмыс жағдайларын, қамтамасыз етілу деңгейін зерделеп, өзекті мәселелерді талқылап, оқу үлгерімімен танысты. Курсанттар оқу үдерісінің жоғары қарқындылығын, заманауи материалдық базаға қол жеткізу мүмкіндігін және басшылық тарапынан көрсетілетін қолдауды атап өтті.
