Астана. 27 қараша. BM.KZ — ҚР Сыртқы істер министрлігі Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы Айбек Смадияров «Әл-Джазира» халықаралық телекомпаниясының өкілі Хафез Әл-Ауамен кездесті. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады.
Кездесу барысында медиа саласындағы өзара іс-қимылдың даму перспективалары талқыланды. Халықаралық ақпарат кеңістігін қалыптастыруда маңызды орын алатын шетелдік хабар тарату құрылымдарымен ынтымақтастықтың маңыздылығы аталып өтті.
Айбек Смадияров Қазақстанның «Әл-Джазирамен» ықпалдастықты кеңейтуге ашық екенін жеткізіп, жаһандық аудиторияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық үрдістері мен сыртқы саяси бастамалары туралы хабардар етуге бағытталған бірлескен жобаларды ұлғайтуға қызығушылық білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді диалогты жалғастыруға және ықпалдастықтың ықтимал бағыттарын қарауға дайын екенін айтты.
