Астана. 12 желтоқсан. BM.KZ — Абай облысында әскери прокуратура әскерге шақырылғандарды медициналық тексеруден өткізуге 40 млн теңге артық төленгенін анықтады. Әскери прокуратура емханаға қатысты тексеріс жүргізді. Соның барысында іс жүзінде тексерілген әскерге шақырылушылар саны келісімшартта көрсетілген мөлшерден аз екені анықталған.
Алайда емхана өзіне тағылған айыппен келіспеді. Іс Абай облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында қаралды.
Белгілі болғандай, мобилизациялық дайындық және мобилизацияны қамтамасыз ету қызметі мен емхана арасында 2023 және 2024 жылдары әскерге шақырылушыларды медициналық қарап-тексеру бойынша жалпы құны 99 млн теңгеден асатын мемлекеттік сатып алу шарттары жасалған.
— Медициналық мекеме өкілдері шарттағы сандық көрсеткіштер қате енгізілгенін, 4300 және 2200 адамды тексеру көлемі — мүлде орындалмайтын мәміле болғанын жеткізді. Алайда бұл көрсеткіштердің техникалық ерекшеліктерге әдейі орындалмайтындай етіп енгізілгенін дәлелдейтін уәждер ұсынылмады. Сондықтан сот артық төленген 40 млн теңге мемлекеттік кіріске қайтарылуы тиіс деген шешім қабылдады, — деп хабарлады соттың баспасөз қызметінен.
