Астана. 17 желтоқсан. BM.KZ — Қазақстандық «Барыс» командасы бүгін, яғни 16 желтоқсанда Құрлықтық хоккей лигасындағы кезекті ойынын Ресейде «Автомобилист» (Екатеринбург) командасына қарсы өткізді.
Командалар биыл плей-офф сатысына жолдама алуға күш салып келеді. Осы мақсатта әрбір кездесуде ұпай қорын молайтуға күш салып жүр. Әзірге «Автомобилист» командасының турнир кестесіндегі жағдайы тәуір. Турнир кестесінде «Барыс» 30 ұпаймен 18-орынға жайғасса, «Автомобилист» 39 ұпаймен 10-орында келеді.
Кездесу барысында командалар жылдам гол соғуға тырысты. Алғашқы кезеңде бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңде қазақстандық команда қатарынан екі шайба соғып кетті. Алдымен Семён Симонов 25-минутта есеп ашса, 37-минутта Майк Веккионе мергендік танытты.
Үшінші кезеңде «Автомобилист» сапынан Максим Осипов 50-минутта есеп айырмасын қысқартты. Одан кейін «Барыс» қатарынан Семён Симонов тағы бір мәрте гол соқса, Макс Уиллман 57-минутта қорытынды есепті белгіледі.
Осылайша елордалық клуб қарсыласынан 4:1 есебімен басым түсті.
