Сырт көзге Дональд Трамптың Ақ үйіндегі жағдай тыныш көрінгенімен, шын мәнінде олай емес. Бұған Ақ үй аппаратының басшысы Сьюзи Уайлстың Vanity Fair журналына берген сұхбаты дәлел болды. Бұл сұхбатты Reuters агенттігі қысқаша мазмұндап жариялады.
Сьюзи Уайлс — Дональд Трамптың екінші президенттік мерзіміндегі негізгі тұлғалардың бірі. Сарапшылардың айтуынша, ол Ақ үй жұмысын Трамптың алғашқы мерзімімен салыстырғанда әлдеқайда тәртіпті еткен. Ол АҚШ тарихында Ақ үй аппаратының басшысы болған алғашқы әйел.
Бұған дейін Уайлс өте тұйық адам ретінде танылған: сұхбат бермейтін, пікір айтпайтын, тек жұмысқа ғана мән беретін. Сондықтан оның ашық сұхбаты үлкен резонанс тудырды.
Уайлстың сөздері Ақ үйде шешімдер сырт көзге көрсетілгендей емес, басқа жолмен қабылданатынын меңзейді. Сонымен бірге ол Трамптың командасының ішінде үлкен жанжалдар бар екенін және бұл жағдайға президенттің мінезі тікелей әсер етіп отырғанын аңғартады.
«Ол ішпейді, бірақ өзін алкоголик сияқты ұстайды»
Сұхбаттағы ең көп талқыланған тұс — Уайлстың Трампқа берген психологиялық сипаттамасы. Оның айтуынша, АҚШ президенті — мүлде ішімдік ішпейтін адам, алайда ол «алкоголик тұлғасына» тән мінез-құлыққа ие: өзін бәрінен жоғары қою, билікке тәуелділік және ешқандай шектеу жоқ деген сенім.
Уайлс өз әкесі алкоголик болғанын айта келе, дәл осы өмірлік тәжірибе оған «ірі әрі күрделі тұлғалармен» жұмыс істеуді үйреткенін мойындайды. Оның айтуынша, Трамп шын жүректен «мен жасай алмайтын ештеңе жоқ» деп сенеді.
Кейінірек президенттің өзі бұл сипаттаманы жанама түрде растады. New York Post-қа берген сұхбатында Трамп өзін «обсессивті және тәуелді» тұлғалық типке жатқызған.
Тарифтер, депортациялар және «ауыр шешімдер»
Уайлс әкімшілік ішінде елеулі келіспеушіліктер бар екенін ашық мойындайды. Бұл келіспеушіліктер миграциялық саясаттан бастап ауқымды сауда тарифтеріне дейін созылады. Оның айтуынша, ол Трампты баж салығын енгізу туралы шешімді кейінге қалдыруға көндіруге тырысқан. Сондай-ақ 2021 жылғы 6 қаңтарда Капитолийге шабуыл жасаған ең қатыгез қатысушыларды кешіруге қарсы болған. Алайда президенттің позициясын өзгерте алмаған.
Тарифтер туралы шешімді Уайлс «күткеннен де ауыр» деп сипаттайды және Трамп командасы бұл мәселеде екіге бөлінген.
Эпштейн ісі, қастандық теориялары және наразы электорат
Сұхбаттың жеке бір бөлігі Джеффри Эпштейн ісіне арналған. Уайлс АҚШ-тың бас прокуроры Пэм Бондиді қатаң сынға алып, Эпштейннің құжаттарына қатысты алғашқы ақпараттық жұмысты «толықтай сәтсіздік» деп бағалайды. Оның айтуынша, бастапқыда Трамптың жақтастарына сенсациялық мәліметтер уәде етіліп, кейін бұл уәделерден күрт бас тартылған. Бұл жағдай оңшыл электораттың ашу-ызасын тудырған.
Уайлс Трамптың есімі құжаттарда кездесетінін мойындайды, бірақ «ол жерде президенттің қорқынышты немесе қылмыстық әрекеттері жоқ» деп баса айтады.
Сондай-ақ оның вице-президент Джей Ди Вэнс туралы пікірі де назар аудартпай қоймайды. Уайлс Вэнсті «он жылдық тәжірибесі бар қастандық теорияларын жақтаушы» деп атайды. Ал Вэнстің өзі бұл айыптауды толық жоққа шығармай, әзілмен ғана жауап берген.
Маскпен қақтығыс және USAID-тің күйреуі
Уайлс Илон Маск туралы да ашық сын айтады. Оның пікірінше, Маск мемлекеттік шығындарды қысқарту кезінде ретсіз, ойланбай әрекет еткен. Тіпті USAID таратылған кезде кейбір қызметкерлерді жұмыс орындарына кіргізбей, кеңселердің есігін жауып тастаған жағдайлар болған. Уайлстың айтуынша, мұндай әрекет кәсібилікке жатпайды.
Уайлс бұл процесті ашық түрде сынап: «Мен бұлай әрекет етпес едім», — дейді және Маскпен жеке өзі жанжалдасқанын растайды.
Қорытынды және реакциялар
Материал жарияланғаннан кейін Сьюзи Уайлс Vanity Fair мақаласын «манипулятивті» деп атап, басылымды оның сөздерін контекстен жұлып алып, бұрмалады деп айыптады. Ал Дональд Трамп, Джей Ди Вэнс және Пэм Бонди Уайлстың қорғауына шығып, оның президентке адалдығын және Ақ үйдегі басқарушылық рөлін ерекше атап өтті.
Диана Ыдырыс,
BM.KZ
