Астана. 30 желтоқсан. BM.KZ – ХХV қысқы Олимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құраманың спорттық киім жиынтығы таныстырылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлайды.
Ведомстовның мәліметінше, жабдықтың техникалық талаптарын келісу, үлгілерін бекіту және жеткізілетін спорттық киімнің сапасын бақылау мақсатында арнайы жұмыс комиссиясы құрылған.
Оның құрамына Туризм және спорт министрлігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, ведомстволық бағынысты ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ танымал отандық спортшылар кірген.
Жұмыс комиссиясы ұлттық құраманың спорттық киімінің эскизін бекіткен. Қазіргі уақытта бұл эскиз Халықаралық Олимпиада комитетінде келісу рәсімінен өтіп жатыр.
Спорттық киім жиынтығы 22 атаудан тұрады. Оның ішіне Олимпиаданың ашылу және жабылу рәсіміне арналған салтанатты форма, жарыс кезеңінде пайдаланылатын жылы сырт киімдер, сондай-ақ оқу-жаттығу жиындары мен күнделікті қолдануға арналған жаттығу және күнделікті киімдер кіреді.
Спорттық киім демеушілер есебінен сатып алынған.
Айта кетейік, ХХV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6-22 ақпанда Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.
