Астана. 17 қаңтар. BM.KZ – АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Гренландияға қатысты талаптарын қолдамайтын елдерге кедендік баж салығын енгізуі мүмкін екенін ескертті. Бұл туралы жұма күні, 16 қаңтарда Ақ үйде мәлімдеді, деп хабарлайды DW.
«Егер елдер Гренландия мәселесінде (АҚШ-ты – ред.) қолдамаса, мен оларға баж салығын енгізе аламын. Өйткені Гренландия бізге ұлттық қауіпсіздік үшін қажет. Сондықтан мен осылай істей аламын», – деді Трамп.
Сондай-ақ, ол өзін «баж салығының патшасы» деп атады.
Гренландияға қатысты бұл пікір АҚШ Конгресінің екі партия өкілдерінен құралған делегациясының шиеленісті азайту мақсатында Копенгагенге жасаған сапары аясында айтылды.
Бұған дейін Германия Arctic Endurance («Арктикалық төзімділік») деп аталатын миссия аясында Гренландияға Бундесвердің барлау тобын жіберген болатын. Бундесвер сарбаздары «Данияның шақыруымен» НАТО-дағы серіктес елге әскери қолдау көрсету мүмкіндіктерін, соның ішінде теңізді бақылау саласын зерттей бастаған. Дания басшылығымен жүргізіліп жатқан бұл миссияға Франция, Швеция және Норвегия әскери қызметшілері де қатысып жатыр.
