Астана. 17 қаңтар. BM.KZ — Елімізде жеке мектептерге қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Алматы қаласындағы жеке мектептердің құрылтайшылары мен директорларының қатысуымен өткен кездесуде мәлімдеді.
Бұдан былай елімізде жеке мектептер тек нақты қажеттілік туындап отырған өңірлерде ғана ашылады. Лицензия тек үшауысымды мектептерді, апатты жағдайда тұрған білім ордаларын алмастыру мақсатында мемлекеттік мектептер жетіспейтін өңірлерге ғана беріледі.
Сонымен қатар, жеке мектептер құрылтайшыларының жауапкершілігі де заң аясында жетілдіріледі. Олар мектептердегі білім сапасы, ұстаздардың біліктілігі және оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапкершілік алады.
Қазір құрылтайшылардың ғана емес, мектеп директорларын тағайындау тәртібін де өзгерту жоспарланып отыр. Енді мектеп директорларын бұрынғыдай құрылтайшылар таңдамайды. Шешім қабылдау кезінде салалық министрлік пен жергілікті атқарушы органдардың келісімі ескеріледі.
Бүгінде еліміздегі 785 жеке мектептің құжаттары цифрландырылған. Жалпы лицензиясы бар 890 жеке мектеп бар. Үкімет жаңадан ашылатын жеке мектептерге мемлекеттік тапсырыс орналастыру ісіне мораторий жариялауды жоспарлап отыр.
