Астана. 19 қаңтар. BM.KZ — Қазақстандық теннисші Александр Бублик Australian Open турниріндегі алғашқы кездесуін әлемдік рейтингте 48-орында тұрған америкалық Дженсон Бруксбиге қарсы өткізді.
Маусымды Гонконгтағы турнирде чемпиондық атақпен бастаған Бублик бұл матчта да сенімді ойын өрнегін көрсетті.
Алғашқы сетте ол 2:0 есебімен алға шығып, басымдылығын сақтай отырып, партияны 6:4 нәтижесімен аяқтады. Екінші сет те осы сценариймен өтіп, тағы да 6:4 есебі тіркелді. Үшінші партияда қазақстандық теннисші тағы 2:0 есебімен алға шыққанымен, Бруксби есепті 2:2-ге жеткізді.
Дегенмен 4:4 кезінде Бублик брейк жасап, шешуші сәтте қателікке бой алдырмай, матчты 6:4 есебімен түйіндеді. Екі сағат төрт минутқа созылған кездесуде Бублик 12 эйс жасап, 11 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды, ал қарсыласы 4 эйспен және бір ғана брейкпен (8 мүмкіндік) шектелді.
Енді Александр Бублик үшінші айналым жолдамасын алу үшін әлемнің 55-ракеткасы, мажарстандық Мартон Фучовичпен кортқа шығады.
Фучович алғашқы кезеңде рейтингте 47-орында тұрған аргентиналық Камило Уго Карабельиді 7:6 (7:5), 6:1, 6:2 есебімен жеңген.
Бублик үшінші айналымға өткен жағдайда әлемнің 22-ракеткасы, италиялық Флавио Коболлимен кездесуі мүмкін еді, алайда Коболли күтпеген жерден рейтингте 185-орындағы америкалық Артур Фериге жол берді. Осылайша, Бублик турнирде сәтті өнер көрсетсе, қаржылай сыйақымен қатар рейтингілік ұпай қорын да молайта алады.
Айта кетейік, қазақстандық теннисші өткен жылы Australian Open жарысында алғашқы айналымнан өте алмаған еді.
