Астана. 24 қаңтар. BM.KZ — Бас прокуратура мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Испания Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігінің қолдауымен лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану және қызметтік жалғандық жасауға күдікті Қазақстан азаматын елге экстрадициялады.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті 2020 жылы кеден органдарында қызмет атқара жүріп, ақпараттық дерекқорға жалған мәліметтер енгізу арқылы 8 автокөлік иесін бюджетке төленуге тиіс кедендік баждардан заңсыз босатқан. Мемлекетке келтірілген залал 45 миллион теңгеден асады.
Күдікті үш жылдан астам уақыт бойы қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеуде болған. Ол кейін Испания аумағында ұсталып, Барселона қаласынан Қазақстанға жеткізілді.
Қазіргі таңда күдікті Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстар үшін мүлкін тәркілей отырып, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыру және жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
