Астана. 26 қаңтар. BM.KZ – Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев өткен аптада орынбасары Дәурен Есімханов екеуінің арасындағы кикілжіңге қатысты мәлімдеме жасады.
Сәпиевтің сөзінше, болған оқиға жеке немесе тұрмыстық жанжал емес.
— Аймақта жасырын ықпалы бар кейбір адамдар тарапынан қарсылыққа тап болдым. Облыстық спорт ұйымдарының басшыларын заңсыз ротациялауға әрекет жасалып, оған менің орынбасарым да қатысқан. Мен бұл заңсыз әрекеттерді тоқтаттым, соның салдары осы жағдайға әкелді. Ашық мәлімдеймін: Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық спорттағы жүйелі реформаларды жүзеге асыру жолындағы мұндай арандатушылықтар біздің шешімімізді шайқалтпайды, – дейді Серік Сәпиев.
Айта кетейік, Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаменті тарапынан тексеру жүргізіледі. Сонымен қатар ведомство қызметіне кешенді аудит жасалмақ.
Бұған дейін, оқиға 21 қаңтар күні облыстық кешенді мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аумағында болғанын хабарлағанбыз.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, екі ер адам арасында әуелі ауызша жанжал туындап, ол кейін төбелеске ұласқан. Салдарынан Серік Сәпиев дене жарақатын алған. Аталған дерек бойынша құқық қорғау органдары «Соққыға жығу» бабы бойынша қылмыстық істі тіркеді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
