Астана. 28 қаңтар. BM.KZ – 27 қаңтар күні Жамбыл облысында мерзімді әскери қызметтегі сарбаз қаруды ұстап жүрген кезде жарақат алып, көз жұмды, деп хабарлайды ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі.
Осы оқиғаға байланысты Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.
— Жедел-тергеу тобы құрылып, тергеу барысы Бас Прокурордың жеке бақылауында. Оқиғаның алдындағы мән-жайларды объективті және жан-жақты (комиссиялық) анықтау мақсатында Қорғаныс министрінің орынбасары, Бас әскери прокурор және ІІМ Әскери-тергеу департаментінің бастығы оқиға орнына шықты. Сонымен қатар, бұл топтың алдына еліміздің тиісті әскери бөлімдерінде әскери тәртіптің сақталуы мен жеке құрамның қауіпсіздік талаптарының сақталуына жан-жақты тексеруді ұйымдастыру тапсырылды, — делінген хабарламада.
Бұған дейін 25 қаңтарда Өскемендегі әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызметтегі сарбаз көз жұмғанын жазған едік.
