Астана. 30 қаңтар. BM.KZ – Ішкі істер министрлігі «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы жүйелі жұмысты жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Қазақстанда тыйым салынған қосылыстарды, оның ішінде күшті әсер ететін заттарды заңсыз айналымға енгізуге байланысты құқыққа қарсы әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленді. Аталған заттардың қатарында түнгі клубтарда кеңінен таралған, «күлкі газы» деп аталатын азот тотығы да бар.
— Биыл есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелері бірқатар өңірде азот тотығы толтырылған металл баллондарды заңсыз тасымалдау және сақтау деректерін анықтап, жолын кесті. Атап айтқанда, Шымкент қаласындағы түнгі клубтардың бірінде «смешариктер» деп аталатын күшті әсер ететін өнімді жүйелі түрде сату фактісі әшкереленді, — делінген ақпаратта.
Жедел іс-шаралар барысында 416 баллон сақталған қойма анықталды. Олардың жартысы тыйым салынған қосылыспен толтырылған. Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды.
ІІМ азот тотығын медициналық мақсаттан тыс қолдану қауіпті екенін ескертті. Бұған дейін бұл затты пайдалану адам өліміне әкеп соққан жағдайлар тіркелген. Күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және тыйым салынған заттардың заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады.
