Астана. 30 қаңтар. BM.KZ – Өскеменде 30 қаңтар күні бірінші және екінші ауысымда оқитын мектеп оқушылары қашықтан оқу форматына көшірілді. Бұл туралы қалалық білім бөлімі хабарлады.
Мемлекеттік органның мәліметінше, бұған қолайсыз метеорологиялық жағдайлар себеп болған. Қала тұрғындары қалада түтін тұманы (смог) пайда болғанына шағымдануда.
«Қазгидромет» 30 қаңтарда метеорологиялық жағдайлар атмосферада зиянды заттардың жиналуына ықпал ететіндіктен, ауаның ластану деңгейі жоғары болады деп болжады. 29 қаңтарда мамандар көміртек тотығының шекті рұқсат етілген мөлшерден 2 есе, ал күкіртсутегінің 1,6 есе артық екенін тіркеген.
