Астана. 2 ақпан. BM.KZ – Ақмола облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан бесінші баласына жүкті әйел мен оның жолдасы қаза тапты.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, апат Ақсу–Бестөбе–Изобильное автожолында болған. Kazinform таратқан ақпаратқа сәйкес LADA Largus пен Toyota Land Cruiser Prado көліктері соқтығысқан.
— Жол апаты салдарынан LADA Largus көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады, — деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан төрт баланың ата-анасы қаза тапты. Әйел бесінші баласына жүкті болған.
Тәртіп сақшылары жол апаттарының алдын алу үшін жүргізушілерге, әсіресе қозғалыс қарқынды учаскелерде, жылдамдықты асырмауды және көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылап отырудың маңыздылығын еске салды.
