Астана. 4 ақпан. BM.KZ – Ішкі істер министрлігі жеке детективтерді лицензиялауды, олардың жұмыс орнына қойылатын талапты белгілеуді, сондай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыруды көздейтін реттеуші құралдарды енгізуді ұсынды.
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
Отырысқа мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының және салалық бірлестіктердің өкілдері, сондай-ақ ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжіметдинұлы қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – жеке детективтік қызмет саласындағы реттеушілік әсерді талдау. Ішкі істер министрлігі жеке детективтерді лицензиялауды, олардың жұмыс орнына қойылатын талапты белгілеуді, сондай-ақ кәсіби жауапкершілікті міндетті сақтандыруды көздейтін реттеуші құралдарды енгізуді ұсынды.
Қазіргі уақытта жеке детективтердің қызметі, соның ішінде жоғалған адамдарды іздеу, бақылау, азаматтық, әкімшілік іс бойынша дәлелдеме жинау іс жүзінде заңнамалық жағынан реттелмеген. Ұсынылып отырған шаралар азаматтардың құқығын қорғауға, білікті мамандардың қызмет көрсетуін қамтамасыз етуге, сондай-ақ мемлекеттік құпия және жеке өмірге қол сұқпау талабын сақтауға бағытталған. Бұл мәселелер бойынша реттеушілік әсерді талқылау өткен жылғы 27 қараша – 2 желтоқсанда ашық нормативтік құқықтық актілер порталында өткізілген. Оған жұртшылықтан ескертулер түскен жоқ.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов жеке детективтердің кәсіби жауапкершілігін лицензиялау мен сақтандыру азаматтардың жеке өміріне араласу тәуекелін азайту, осы сала қызметінің ашықтығын арттыру үшін қажетті шарт екенін атап өтті. Оның айтуынша, жеке сот орындаушылар институтымен ұқсастығы бойынша бұл шаралар азаматтардың мүддесін қорғауға бағытталған өркениетті детективтік қызмет нарығын қалыптастыруға ықпал етеді.
